Қордайда сарайдан екі жасөспірімнің денесі табылды

Жамбыл облысының Қордай ауданында тоғызыншы сыныптың екі оқушысы суицид жасады. Олардың мәйіттері сарай ішінен табылған.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 15 сәуір күні таңғы сағат 06:00 шамасында Қаракемер ауылында болған.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Жергілікті БАҚ жазуынша, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға болған жерге орынбасары Айжан Есмағамбетова, білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков келген.
Облыс әкімдігі «марқұмдардың ата-анасы мен оқушыларға барлық психологиялық көмек жасалып жатқанын» айтты. Жағдайды өңір басшысы жеке бақылауына алған.
Жамбыл облысында болған бірінші жағдай емес. Былтыр тамызда Байзақ ауданында бірінен кейін бірі төрт жасөспірім өзіне қол салды.