Қазақстан экономикасына берілген кредит 50 трлн теңгеден асты

Қазақстан экономикасына берілген кредит көлемі 2025 жылдың 1 наурызынан бері 20,2%-ға артты. Осылайша, 2026 жылғы наурызда көрсеткіш 50,6 трлн теңгеге жеткен.
Қарыз алушылардың құрылымына үңілсек, халықтың алған қарызы бизнестің кредитінен асып кеткені байқалады.
50,6 трлн теңгенің 47,0%-ы немесе 23,8 трлн теңгесі бизнес өкілдеріне (қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге) тиесілі болса, қалған 53,0%-ы немесе 26,8 трлн теңгесі – халыққа берілген несие.
Кредиттің басым бөлігі ұлттық валютада рәсімделген. Нақтырақ айтқанда, теңгедегі қарыздың үлесі 89,3% (45,2 трлн теңге) болса, шетел валютасындағы несиенің үлесі небәрі 10,7% (5,4 трлн теңге) деңгейінде қалып отыр.
Сонымен қатар экономиканы қаржыландыруда банк секторы шешуші рөл атқарады: бүкіл кредиттің 85,3%-ы дәл осы екінші деңгейлі банктер арқылы берілген.
Десе де, Дүниежүзілік банк Қазақстанға қатысты дабыл қағып, халықтың кредитке батып отырғанына назар аударған. Қазақстандықтардың қазіргі кредит алу қарқыны 2008 жылғы дағдарыс кезеңінен де асып түсті.