Ақтаудағы ұшақ апаты: Ресей мен Әзербайжан ортақ мәмілеге келді

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: ВВС

Мәскеу мен Баку 2024 жылдың соңында болған ұшақ апатының салдарын реттеу, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесі бойынша ресми келісімге келді. Бұл туралы Ресей СІМ хабарлады.

Құжатқа сәйкес, тараптар 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған «AZAL» әуе компаниясының Embraer 190 ұшағына қатысты барлық түйткілдерді толық шешті.

Ресми мәлімет бойынша, апатқа Ресей әуе кеңістігіндегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚ) жүйесінің абайсызда іске қосылуы себеп болған.

Ресей министрлігінің мәліметінше, мәміле аясында қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеу және апаттың өзге де салдарларын жою мәселелері толық реттелді.

СІМ мәлімдемесінде бұл қадам екі ел арасындағы одақтастық қарым-қатынастың нығайғанын және кез келген күрделі мәселені өзара сенім негізінде шешуге дайын екендіктерін көрсететінін атап өткен.

«Ресей-Әзербайжан байланыстарының өзара құрмет пен мүдделерді ескеру негізінде дамуы алдағы уақытта да тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді», – деп жазылған құжатта.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволары қаза тапқандардың жақындарына тағы да терең қайғырып көңіл айтып, бұл оқиғаның ортақ қасірет екенін жеткізді.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшқан жолаушы ұшағы Ақтаудан 3 шақырым жерге құлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, бортында 67 адам бар ұшақты Грозный әуежайына қонуға беттеген сәтте Ресейдің «Панцирь-С» зымыран кешенімен атқылаған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам жараланды. 

Осы іске қатысты халықаралық тергеу басталды. Биыл наурызда премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев Қазақстан Ақтаудағы ұшақ апатының қорытындысын алдағы бірнеше айда ұсынады деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз