Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы әлемдегі топ-100 қатарына кіруді қалайды

Астана халықаралық әуежайы (Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы) алдағы жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Skytrax рейтингінде әлемнің үздік 100 әуежайының қатарына кіруді жоспарлап отыр, деп хабарлады әуежай өкілі Дәулет Хамзин.
«Алдағы үш жылға арналған стратегиялық мақсатымыз – Астана әуежайының тұрақты хабтық моделін қалыптастыру және Skytrax рейтингі бойынша сертификаттаудан өтіп, қызмет көрсету сапасы бойынша әлемнің үздік 100 әуежайына қол жеткізу», – деді ол Central Asia Aviation Summit Kazakhstan 2026 форумында.
Бұл үшін әуе айлағы рейтингте қарастырылатын 800-ден астам параметр бойынша өз көрсеткіштерін жақсартуы керек. Әңгіме жайлылық пен инфрақұрылым (160 параметр, соның ішінде үй-жайлардың тазалығы мен техникалық жағдайы, күту аймақтары мен базалық сервистер, сондай-ақ жолаушылардың барлық санаты үшін қолжетімділік), навигация және терминалдар логикасы (120 параметр, соның ішінде көрсеткіштер мен ақпараттың бірыңғай жүйесі, жолаушылар үшін түсінікті бағдарлау және халықаралық ұсынымдарға сәйкестік), персонал (160 параметр, соның ішінде қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттары, клиентке бағдарлану және тілдер) туралы болып отыр.
Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету процестерін (240 параметр, соның ішінде тіркеу, тексеру, бақылау, жолаушылар ағынын басқару, процедуралардан өту уақыты) және сервистердің интеграциясын (120 параметр, соның ішінде авиакомпаниялар мен мердігерлердің келісілген стандарттары, жолаушыларға арналған бірыңғай ақпарат, сервис сапасы үшін бірлескен жауапкершілік) жақсартуға тура келеді.
Осы мәселе бойынша жол картасы, персоналды оқыту және жоспарларды жұмысқа енгізу 2026 жылға жоспарланған. Әуежай жолаушылардың қанағаттануын арттыруды күтеді – бұл үшін 2027 жылы тиісті аудит жүргізу жоспарлануда. Сервисті жақсарту бойынша барлық жұмыстарды 2026-2029 жылдары толық жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Базалық тасымалдаушылармен бірге әуежай кестенің толқынды құрылымын құру, слоттарды басқаруды оңтайландыру есебінен транзиттік ағындарды дамытуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Хамзин әуежай авиакомпанияларға Астана арқылы транзиттік рейстерді дамыту үшін ыңғайлырақ слоттар беретінін атап өтті.