Шымкентте жеміс бермеген алма бақ басшысы 430 млн теңге жымқырып үлгерген

Шымкентте жеміс бермеген алма бақтан 430 млн теңге жымқырып үлгерген басшыға қатысты тергеу аяқталды.
Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті хабарлады.
Мақсат – лизингке беру
Алма бақтарын құру және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталған.
«Қарқынды алма бақтарын «кілтпен тапсыру» негізінде салу» бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландыру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты дайын инфрақұрылымы бар ауыл шаруашылығы жер учаскелерін кәсіпкерлік субъектілеріне лизингке беру болған», – делінген хабарламада.
Жұмыс бағасы әдейі көтерілген
Тергеу нұсқасы бойынша, Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаров үлестес тұлғалар мен бақылауындағы ұйымдардың, соның ішінде «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-нің қатысуымен мемлекеттік қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Тауарлар мен жұмыстарды сатып алу белгіленген рәсімдерді бұза отырып, негізінен бір көзден алу тәсілімен, бәсекелестік ортаны қамтамасыз етпей жүргізілген. Жабдықтардың, материалдардың және құрылыс-монтаж жұмыстарының құны жасанды түрде көтеріліп, жоспарланған жұмыстардың бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.
Мемлекетке келген шығын
Соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, олардың негізінде бюджет қаражаты аударылған.
Нәтижесінде мемлекетке 430 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау аясында бөлінетін инвестициялық субсидияларды заңсыз алу фактілері анықталған.
Осы мақсатта ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар арқылы бақтарды дамытуға және жұмсалған шығындарды өтеуге арналған субсидиялар алу үшін жалған өтінімдер берілген.
Қолма-қол ақша
Нәтижесінде олардың есепшоттарына жалпы сомасы 327 млн теңгеден астам бюджет қаражаты аударылған.
Алайда іс жүзінде бұл қаражаттың шамамен 20%-ы ғана мақсатқа жұмсалып, қалған 250 млн теңгеден астамы сенімді тұлғалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған.
Сот санкциясымен құны 1 млрд теңгеден асатын, жалпы ауданы 108 гектар жер учаскелеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚМА мұның алдында «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Абайұлы Қапеновтің 5,2 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтіргені туралы хабарлаған еді.