Депутат мас болып көлік айдағандарға рақымшылық жасау қажет деп санайды

Елде әкімшілік және қылмыстық істерге қатысты рақымшылық жарияланатыны белгілі. KursivMedia тілшісі Мәжіліс депутаты Ринат Зайыттан ішімдік ішіп, көлік рөліне отырғандарға рақымшылық жасау туралы сұрады.
Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 608-бабына сәйкес, азамат мұндай әрекеті үшін 15 күнге қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
«Алкоголь ішкен» деген – заңдағы тіркес. Ол дәріден де, қымыздан да шығып жатыр. Кеше тойда болған адам нәпақа табуға шығып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып қалған жағдайлар бар. Қазір жұмыссыздық қаулап, күнкөріс қиындап жатқанда мұндай жігіттерге де түсіністікпен қарау керек», – дейді Ринат Зайыт.
Депутат кей жағдайда 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жеткіліксіз екенін де айтып өтті.
«Ішімдік мөлшерін анықтау керек. Кей жағдайда 7 жыл аз болуы да мүмкін. Ішімдік деңгейіне қарай жаза тағайындау керек», – дейді депутат.
Ал депутат Бақытжан Базарбек жүргізуші куәлігінен айырылғандардың әкімшілік амнистияға ілігуіне қарсы шыққан еді.
Бұған дейін мұндай ұсынысты депутат Наталья Дементьева Ұлттық құрылтай кезінде ұсынды. Сөзінше, елде 200 мыңнан аса адам мас болып көлік рөліне отырғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған.