Алматы жартылай марафоны: 19 сәуірде қай көшелер жабылады

Алматыда жексенбі, 19 сәуір күні, тоғызыншы мәрте дәстүрлі Almaty Half Marathon жартылай марафоны өтеді. Биыл жарысқа әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Ауқымды шараға байланысты қаланың бірнеше орталық көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі.
Жолдардың жабылу кестесі
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, шектеулер таңғы сағат 07:00-де Тұңғыш Президент саябағынан басталатын жүгіру бағытына сәйкес кезең-кезеңімен енгізіледі.
Негізгі шектеулер:
- Әл-Фараби даңғылы (солтүстік беті): Розыбакиев көшесінен Мұстафин көшесіне дейінгі учаске түнгі сағат 00:00-ден күндізгі 12:00-ге дейін жабық болады. Оңтүстік беті ашық қалады.
- Әл-Фараби даңғылы (солтүстік беті): Розыбакиевтен Назарбаев даңғылына дейін сағат 06:45-тен 09:45-ке дейін жабылады.
- Сейфуллин даңғылы: Әл-Фарабиден Абай даңғылына дейін сағат 07:10-нан 09:05-ке дейін қозғалыс толық тоқтатылады.
- Абай даңғылы: сағат 07:20-ден 09:15-ке дейін ішінара шектеулер болады.
- Саин көшесі (шығыс беті): Әл-Фарабиден Абайға дейін сағат 08:30-дан 10:20-ға дейін жабылады.
- Абай даңғылы (оңтүстік беті): Саиннан Байтұрсынов көшесіне дейін сағат 08:50-ден 11:15-ке дейін жабық болады.

Қатысушылар мен жүргізушілерге кеңес
Жарыс басталғанда (Тұңғыш Президент саябағы) және мәреге жеткенде (Орталық стадион) көлік қоятын орын болмайды. Сондықтан ұйымдастырушылар мен әкімдік өкілдері қатысушыларға жарыс басталатын орынға қоғамдық көлікпен келуді ұсынады.
«Жолдардың кептелуіне байланысты қатысушыларға Әл-Фараби мен Мұстафин көшелерінің қиылысына дейін автобуспен жетуге кеңес береміз», – деп хабарлады әкімдіктен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өтетін марафондардың тізімін жариялаған едік.