Жамбыл әкімі Қарашөкеевтің сөзін бөлген депутат мандатынан айырылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Шадияр Өстемір
Фото: Шадияр Өстемір

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөлген облыстық мәслихат депутаты Дамир Ташқараев мандатынан айырылған.

Бұл туралы 16 сәуірде Алматыда өткен «Мәслихат депутатының мандаты әкімнің меншігі ме?» атты баспасөз мәслихатында айтылды.

Айтуынша, экс-депутат Дамир Ташқараев мандатынан «заңсыз» айырылып, Amanat партиясынан шығарылып отыр.

Даудың басы

Оның пікірінше, бұған облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөлгені, сауал қойғаны түрткі болған.

Айтуынша, депутат мәслихат отырысында әкімнің сөзін бөліп, нақты сұраққа көшуге шақырыпты. Сосын облыс әкіміне Тараз қаласына жаңа қосылған ауылдардың жеке тұрғын үй құрылысын салуға рұқсат беру мәселесі туралы сұрақ қойған. Оған облыс әкімі емес, қала басшысы жауап берген.

Артынша депутаттың бұл әрекеттерін кейбір әріптестері «хайп» деп бағалаған.

«Дамир Ташқараевты партия мүшелігінен шығарған кездегі хаттамада облыс мәслихатының төрағасы Нұрәлиев мырза:  «Сессиядағы жағдайға тоқталсақ, өзім болған жоқпын, теледидар арқылы көрдім. Мұны қолдамаймын» деп, бюродан Дамир Ташқараевтың әрекетіне баға беруді сұраған», – дейді Ербол Қанафин.  

Бұл сөздерді бұрынғы әріптесі Фарида Жүнісова қолдаған. «Мен де отырыста болмадым. Ютуб-тан көрдім. Мұны дұрыс деп есептемеймін», – деп, ол да баға беруді сұрапты.

«Яғни, көрсеткен үш уәж емес, мәслихат сессиясында регламентті сақтамаған әкімге сұрақ қойғаны талқыланған», – дейді адвокат Ербол Қанафин.

Негіз жалған ба

Дамир Ташқараевтың айтуынша, 2025 жылы 28 наурыз күні Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалы аппаратынан ватсап арқылы хат келіп түскен. Онда экс-депутаттың үстінен Жамбыл облысы мәслихаты тарапынан мәслихат сессиясында мәслихат үлгі-регламент талаптарын сақтамағаны жөнінде қызметтік хат түскені хабарланған.

Дамир Ташқараев ондағы негіздермен келіспейді. Мәселен, Шақорық ауылында жоспарлаған «Жайлы мектептің» салынбай қалуына экс-депуттың ешқандай қатысы болмаған. Үкімет қаулысымен және Оқу-ағарту министрлігінің ресми хаты негізінде құрылыстан бас тартылған. Дөрекілік көрсеткеніне де ешқандай дәлел болатын құжаттар жоқ.  

Мәслихат дәрежесі

Экс-депутат мақсаты әділдікке қол жеткізу екенін айтты. Мандаты мен партияға мүшелігін қайтарып алмақ. Сондай-ақ қоғамға басқару жүйесіндегі келеңсіздіктерді ашық жеткізуді көздеп отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттың депутаттың дәрежесін көтеру туралы бірнеше рет айтты. Сонда біз, Жамбыл облысы, бөлек мемлекетпіз бе? Президенттің, Amanat партиясының саясатына қарсы жұмыс істеп жатырмыз ба?», – дейді Дамир Ташқараев.

Мұның алдында шығынға батқан Өскемен әуежайы мәслихат депутатына 37 млн теңге төлегені анықталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз