Батыс Қазақстанда 800 ірі қара бруцеллезге шалдыққан

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
бруцеллез сынамасы
фото: shutterstock

Батыс Қазақстан облысында 800 ірі қараның бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақпарат мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Аса қауіпті жұқпалы ауру

Өңірдегі ветеринария басқармасының дерегінше, талапқа сәйкес ірі қара, қой мен ешкі жылына екі рет, ал түйе бір рет бруцеллез ауруының бар-жоғына тексеріледі. Жылқы мен шошқа ауру белгілері байқалған уақытта тексеруден өтеді.

2026 жылы облыста тексерілген 155 мың ірі қараның 800-ден астамынан бруцеллез ауруы анықталды. Сиырлардың 300-і шаруа қожалықтарына, қалғаны жекелеген азаматтарға тиесілі.

Оның етін пайдалануға бола ма

Ветеринария тәртібіне сәйкес, үй жануарларының иелері ауру сиырларды 15 күннен кешіктірмей ет комбинаттары мен бауыздау пунктеріне өткізуі тиіс. Ауру ірі қара сол жерлерде бауыздалады.

«Бруцеллезге шалдыққан ірі қара, шошқа, түйе және жылқы мүшелері мен етінен патология анықталмаса, олардың еті 12 сағат бойы мұздатқышта сақталып, оны шектеусіз пайдалануға болады. Ауру қой мен ешкінің еті суға пісірілген шұжық немесе консерво жасауға бағытталады», – деп хабарлады ветеринария басқармасы.

Батыс Қазақстан облысында 2026 жылы 1 млн ірі қара, 1,4 млн қой-ешкі, 838 түйе, 214 шошқа бруцеллезге тексеріледі.

Бруцеллез ауруы туралы

Сарып немесе бруцеллез (Brucella) – жануарлардан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Оны жұқтырған адам ағзасының кейбір мүшелері зақымданып, созылмалы кеселге ұласуы мүмкін. Бруцеллез негізінен буынды, жүйке және жүрек-қан тамырларын зақымдайды.

Сарыпқа шалдыққан мал өнімдерін қайнатып немесе термиялық өңдеуден өткізіп пайдалану керек.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайдың Шыңжаң өңірінде аусыл ауруы тарап, соған байланысты үкімет қазақ-қытай шекарасында бақылауды күшейтті.

Сондай-ақ оқыңыз