Алматыда көшкін жүріп, ғимарат шатырын қиратты

16 сәуір күні кешке Алматының Бостандық ауданында топырақтың беткі қабаты сырғыды. Tengrinews.kz оқиға орнынан түсірілген видеоны жариялады.
Редакцияға бейнежазба жолдаған автордың айтуынша, жоғарғы жолдың топырағы төменгі жолға құлаған.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кешкі сағат 18:10-да «Ремизовка» бау-бақша серіктестігі аумағындағы топырақ көшкені туралы сигнал түскен. Оқиға орнына жедел түрде ТЖД, «Қазселденқорғау» ММ және қалалық Құтқару қызметінің күштері жіберілді.
Мамандар сөзінше, жауын-шашын көп түсуіне байланысты, топырақ шамадан тыс ылғалданып, шамамен 300 текше метр топырақ массасы сырғыған. Бір ғимараттың шатыры зақымдалды, зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта комиссия тексеру жүргізіп жатыр, учаскеде ТЖД мен Алматы полициясының кезекшілігі ұйымдастырылған.
Соңғы күндері Алматыда күн күрт суытып, толассыз жаңбыр жауды. «Қазгидромет» мәліметінше, бүгін де қалада жаңбыр жауып, найзағай соғады. Тіпті елдің солтүстігі мен шығысында қар жаууы мүмкін деген болжам бар.