Қазақстандағы базарларда жаппай тексеріс басталады

Сауда және интеграция министрлігі ел базарларындағы бағаны реттеу үшін шұғыл шараларды қолға алғанын хабарлады. Енді базар иелері мен саудагерлерге талап күшейеді: бағаны негізсіз өсіретін делдалдар жұмысын тоқтатады, ал сауда толық цифрлық форматқа көшуі тиіс.
Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан қаласында өткен жиында базар иелеріне нақты талаптар қойды. Негізгі мақсат – өнім өндіруші мен сатып алушының арасындағы делдалдарды азайту. Олар тауарға ешқандай құн қоспаса да, бағаның қымбаттауына тікелей әсер етіп отыр деп есептейді министрлік.
Базардағы саудагерлерге қандай талап қойылады?
Жәутікбаевтың түсіндіруінше, саудагер жасалған келісімшарттар, жалдау ақысы мен барлық төлемдер арнайы ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс. «Қолма-қол» есеп айырысу мен жасырын келісімдерге тыйым салынады.
Заңсыздықтарды жою үшін енді базарларға Салық қызметі, Ішкі істер органдары және Антимонополия мамандары келеді. Олар кәсіпкердің сол жердегі нақты айналымы мен декларациядағы көрсеткіштерін салыстырады. Егер кәсіпкердің келісімшартсыз, ресми құжаттарсыз жұмыс істегені анықталса, алдымен ескерту беріледі. Кейінірек айыппұл салынып, жұмысы сот арқылы тоқтатылуы да мүмкін.
«Базар – бұл жасырын схемаларға орын емес. Әрбір қатысушы заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Кез келген сауда қызметі ашық әрі цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Ақпараттық жүйелерден тыс жұмыс істеу – жасырын экономика мен баға бұрмалаушылықтарының тікелей тәуекелі. Егер нарық қатысушылары белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуге дайын болмаса, мемлекет барлық заңды тетіктерді дәйекті түрде қолданады», – дейді Сауда комитетінің төрағасы.
Министрлік бұл шаралар «көлеңкелі» экономиканы азайтып, базарлардағы бағаның тұрақталуына септігін тигізеді деп сендіреді. Бақылау жұмыстары Түркістан облысынан басталды, алдағы уақытта басқа да аймақтарда жалғасады.
Базарда «жасырын топтар» жүр
Осы аптада өткен үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов базардағы өнімдердің бағасын негізсіз, қолдан көтеретін «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етіп жүр деген еді. Осыған байланысты сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев шектен тыс баға қосатын делдалдармен күресуді тапсырған.
«Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз», – деді ол.
Бірақ базарлардың жағдайы да мәз емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде базарлар азайып жатыр.