Қытай Орталық Азияға теміржол арқылы жаңа жүк тасымалы маршрутын қосты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: Синьхуа
Фото: Синьхуа

Қытай – Орталық Азия теміржол жүк тасымалы жүйесі аясында жаңа бағыт ресми түрде іске қосылды.

Бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігі хабарлады. Бағыт Қытайдағы тұрақты жүк пойыздарының қозғалыс кестесіне енгізіліп, бастапқы нүктесі Тяньцзинь қаласы болып белгіленді.

Мәліметке сәйкес, Тяньцзинь қаласынан Қазақстанға және Орталық Азияның өзге елдеріне жаңа бағыт бойынша алғашқы жүк пойызы жолға шықты. Пойыз автокөлік бөлшектері, механикалық жабдықтар және басқа да тауарлармен тиелген. Ол мемлекеттік шекараны Алашанькоу бақылау-өткізу пункті арқылы кесіп өтеді.

Тяньцзинь қаласы Жібек жолының экономикалық белдеуі мен XXI ғасырдың Теңіз Жібек жолы бағыттарының маңызды тораптарының бірі болып саналады. Айта кетейік, бұған дейін Тяньцзинь – Орталық Азия бағыты бойынша Қорғас өткізу бекеті арқылы өтетін тұрақты теміржол маршруты да іске қосылған.

Бұл бағыт бойынша Тяньцзиньнен Орталық Азия елдеріне аптасына бір рет жүк пойызы қатынайды. Ол негізінен трансшекаралық сауда аясындағы жеткізу тізбектерінің жұмысын қамтамасыз етеді. Қызмет көрсету географиясына Алматы, Ташкент және басқа да өңірлер кіреді.

Айта кететін жайт, 2025 жылы Қазақстан бойынша тасымалданған жүк көлемі 1 163,6 млн тоннаға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз