Arbuz.kz азық-түлік жеткізу сервисі елдің барлық ірі қалаларында таралады

Азық-түлік пен тұрмыстық тауар жеткізетін Arbuz.kz сервисі енді Қазақстанның барлық ірі қалаларында болады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан цифрлық экожүйелердің дамуына арналған екінші ауқымды форумында кәсіпкер Тимур Турлов айтты.
«Адамдар суперапты көбінде тамаққа тапсырыс беру үшін пайдаланады екен. Ал ол – біз ең соңынан сатып алған, үлкен транзакциялық операцияны талап еткен өнім. Ол өте маңызды сервис. Біз оны Қазақстанның барлық қаласына таратқымыз келеді. Яғни Arbuz еліміздің ірі қалаларында болады. Себебі ол экожүйедегі маңызды сервистің бірі. Және біз оның табысты болатынына да сенгіміз келеді», – деді кәсіпкер.
Arbuz.kz – азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек пен тұрмыстық химия жеткізіп беретін онлайн сервис.
Еске салайық, 2023 жылы Турловқа тиесілі Freedom Holding Corp. компаниясы Arbuz.kz онлайн-супермаркетін сатып алған. 2025 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша, сервистің айналымы 19 млрд теңгеге жетті.
Ал биыл көктемде Freedom тамақ жеткізу қызметін іске қосатынын да хабарлады.
Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.