Қазақстан төрт жылдан кейін Азия чемпионатында дзюдодан алтын жеңіп алды

81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділет Алмат финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Сомон Махмадбековпен белдесіп, алтынды қоржынға байлады. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Бұл жүлде Қазақстан үшін соңғы төрт жылда алған алғашқы алтын медаль болды. Бұған дейін 2022 жылы Данияр Шамшаев Астанада өткен сары құрлықтың додасында топ жарған еді.
Ал Әділет Алмат үшін бұл ересектер арасындағы құрлықтық біріншіліктің алғашқы жүлдесі болды. Бұған дейін ол 2023 жылы ол жастар арасында Азия чемпионы атанған еді.
Азия чемпионатының финалына барар жолда Әділет Алмат қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті, Қазақстан құрамасындағы Абылайхан Жұбаназарды және Тәжікстан өкілі Бехрузи Ходжазоданы жеңді.
Сондай-ақ, Абылайхан Жұбаназар жұбаныш белдесулері арқылы қола медальға қол жеткізген. Шешуші айқаста Жұбаназар БАӘ атынан сынға түскен Гаджимурад Омаровтан басым түсіп, үздік үштіктің қатарына енді.
Жарыс 16-18 сәуір аралығында Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатыр. Дүбірлі додаға 19 елден 197 спортшы қатысуда. Барлығы 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады (ерлер мен әйелдер арасында жеті-жетіден). Қазақстан құрамасы сапынан жарыс жолына 18 спортшы шықты.
Айта кетейік, Моңғолия төрінде өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы феноменалды нәтиже көрсетіп, медальдар саны мен сапасы жағынан басты бәсекелестерін артта қалдырды.
Отандық былғары қолғап шеберлері турнирді 8 медальмен аяқтап, командалық есепте бірінші орынға табан тіреді.