«Cobalt көрсеңіз, тек Cobalt шықпайды»: Kolesa-дағы таңдау жүйесі қалай жұмыс істейді

«Колеса» мен «Крыша» сервистерінде тұтынушыға ұсыныс беретін жүйелер жұмыс істейді, бірақ олар адамға белгілі бір өнімді күштеп таңуға тырыспайды. Алматыда өтіп жатқан «Курсив» форумында Kolesa Group-тың өнім жөніндегі директоры Александр Нагорный хабарландыру сайтындағы іздеу жүйелері қалай жұмыс істейтінін айтып берді.
Оның сөзінше, сервисте 13 млн қолданушы бар. Бірақ олардың барлығы бірдей платформаға кіріп пәтер мен көлік сатып алады дегенді білдірмейді. Адам сатып алуға дайын екенін байқағанда ғана ұсыну сервистері жұмысқа кіріседі.
«Мәселен, тұтынушы сайтымызға кіріп Cobalt көрді, демек «Колеса» оған тек Cobalt көрсетеді деген сөз емес. Біз олай жұмыс істемейміз. Cobalt-тан да бөлек басқа көліктер немесе қытайлық баламалары бар ғой. Біз сол жағынан таңдау көрсетуге тырысамыз», – дейді Александр Нагорный.
Kolesa Group басшысының сөзінше, сервистің мақсаты – адамға таңдау жасауға көмектесу, бірақ ол үшін өнімді таңдап бермейді. Ол нақты бір бағытты таңдағанда ғана нақты ұсыныстарды көрсете бастайды. Мақсат – адамның таңдау жасауына мүмкіндік беру және сол таңдауы ол үшін ең тиімді шешім болуын қамтамасыз ету дейді маман.
Еске салайық, қазір Алматыда цифрлық экожүйелерді дамытуға арналған форум өтіп жатыр. Мемлекеттік орган өкілдері мен жеке сектордағы ойыншылар әлемдік трендтердің 2026 жылғы қазақстандық бизнеске әсерін бағалайды.
Іс-шараның бас серіктесі – Kaspi компаниясы, стратегиялық серіктесі – Yandex, ал Ozon шараға ресми қолдау көрсетеді.