Месси жаңа футбол клубын сатып алды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Лионель Месси гол саны бойынша Криштиану Роналдуды артта қалдырды / фото: Reuters
фото: Reuters

Аргентиналық футболшы, «Алтын доптың» сегіз дүркін иегері Лионель Месси Барселона провинциясындағы «Корнелья» (UE Cornellà) атты клубтың иесі атанды. Бұл жайлы клубтың өзі ресми түрде жариялады.

Спорт ұжымы 1951 жылы пайда болған. Қазір Испания футбол федерациясының үшінші дивизионында, яғни ел чемпионатының маңыздылығы жағынан бесінші деңгейінде өнер көрсетеді. Клуб тәрбиеленушілері арасында Испания құрамасының қақпашысы Давид Райя, қорғаушы Жорди Альба, сондай-ақ Жерар Мартин сияқты белгілі ойыншылар бар. Сонымен қатар, «Корнельямен» Хави Пуадо, Кейта Бальде, Айтор Руибаль және Илие Санчес секілді футболшылардың есімі тығыз байланысты.

Клубтың ресми мәлімдемесінде Мессидің келуі спорттық және институционалдық дамуға, құрылымды нығайтуға және жас таланттарға инвестиция салуға бағытталған жаңа кезеңнің бастауы болатыны атап өтілген.

Қазіргі таңда «Корнелья» өз тобында 30 турдан кейін 55 ұпаймен үшінші орында тұр. Маусымның аяқталуына төрт тур қалғанда команда көшбасшыдан бес ұпай артта келе жатыр.

Лионель Месси – футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі. Ол Аргентина құрамасымен әлем чемпионы атанып, «Барселона» сапында жүріп футбол әлемінің барлық биігін бағындырды. 38 жастағы спортшы осы жылы өтетін Әлем чемпионатына да қатысқысы келеді.

Сондай-ақ оқыңыз