Авиаотын тапшы: Еуропа елдерінде әуе рейстерін тоқтату қаупі туындап тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Еуропада мамыр айының соңынан әуе рейстері жаппай тоқтатылуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы DW басылымы жазады.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы салдарынан туындаған отын тапшылығы сала мамандарының үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. IATA басшысы Уилли Уолштың айтуынша, жанармай тапшылығы Азия елдерінде қазірдің өзінде байқала бастаған, ал Еуропа бұл дағдарыстың келесі толқынында тұр.

Неміс авиация одағының шұғыл талаптары

Германияның авиация салалық одағы (BDL) қалыптасқан жағдайға байланысты Еуроодақ деңгейінде шұғыл шара қабылдауды талап еткен Мамандардың болжамынша, керосин жетіспеушілігі алдымен сұранысы төмен қысқа бағыттардың жабылуына және отынды көп қажет ететін ескі ұшақтардың қолданыстан шығарылуына әкеп соғады.

Бұл жағдай жазғы демалыс маусымы қарсаңында туризм мен Еуропа экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін.

Германия үкіметінің ұстанымы қандай

Германияның Экономика министрі Катерина Райхе елде жанармай тапшылығы жоқ және мемлекеттік резервтерді пайдалану мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Дегенмен, BDL өкілдері жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін айтып, келесідей нақты қадамдарды ұсынып отыр:

  • Ұлттық және еуропалық керосин резервтерін іске қосу;
  • АҚШ-та қолданылатын Jet-A стандартындағы жанармайды импорттауға рұқсат беру;
  • НАТО-ның құбыр желілері арқылы отын тасымалдауға басымдық беру;
  • Рейстердің кешігуін «төтенше жағдай» деп танып, жолаушыларға өтемақы төлеуді уақытша тоқтату.

Жаһандық бәсеке әуе билеттерін қымбаттатады

Дағдарыс салдарынан авиотын бағасы шикі мұнайға қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп жатыр. Бұл әуе билеттері құнының қымбаттауына әкелді.

Еуропа елдері қазіргі уақытта Парсы шығанағынан келетін отын үшін Қытай мен Үндістан сияқты ірі нарықтармен бәсекеге түсуге мәжбүр.

Сонымен қатар, шығанақ елдері өз ішіндегі әуе қатынасын қайта жандандырса, экспорт көлемін тіпті азайтуы мүмкін, бұл әлемдік нарықтағы тапшылықты одан ары тереңдете түспек.

Бұған дейін Қытай да отын тапшылығы туындаса, әуе рейтері тоқтайтынын ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз