Уран өндіру компания шығынының 1 пайызы ғылымды дамытуға жұмсалады

Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ғылыми-техникалық кеңесінің отырысы өтіп, уран өндіруші компаниялар шығынының 1 пайызы мөлшерінде бөлетін міндетті аударымы есебінен қаржыландырылатын ғылыми тасырмалар тізімі алғаш рет қаралды.
Бұл қадам Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, ғылымды қаржыландырудың ашық әрі нәтижелі тетігін құру үшін жасалған.
Кеңес мүшелері өткен жылдың қорытындыларын саралап, 2026 жылға және 2027–2029 жылдарға арналған ғылыми-техникалық тапсырмаларды талқылады.
Жаңа тәсілдің басты мақсаты – ғылыми зерттеулерді атом саласының нақты өндірістік қажеттіліктерімен тығыз байланыстыру, ресурстарды тиімді пайдалану және ғылыми жұмыстардың шашыраңқылығын болдырмау.
Отырыс соңында жобаларға басымдық беру бойынша ұсынымдар әзірленіп, тиісті құжаттар одан ары пысықтау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданды.
Бұл шара отандық ғылым мен өндірісті тікелей ұштастыратын тұрақты жүйені қалыптастырудағы маңызды кезең болды.
Қазақстанда атом саласын дамытудың стратегиясы аясында 2050 жылға қарай еліміздің энергетикалық картасында кемінде үш атом электр станциясы салынады.