«Сәлем, қазақ елі»: Қытай қазағы Алматы марафонында жеңіске жетті

19 сәуірде таңертең Алматы қаласында жартылай марафоннан (21,1 км) жарыс өтті. Жүздеген адам қатысқан дүбірлі додада Қытайдағы қазақ Қуан Әнубайке мәре сызығын бірінші кесті.
Қытай атлеті Әнубайке 21,1 шақырымды 1:04:08 уақытымен жүгіріп өтіп, жарыс рекордын орнатты. Ол қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.
«Ассалаумағалейкүм, қазақ елі. Алматы марафонында чемпион атанғаныма қуаныштымын», – деді таза қазақ тілінде сөйлеген жеңімпаз.
Ол былтыр күзде де Алматы марафонына қатысып, денсаулық жағдайына байланысты жарыстан шығып қалған.
«Алматы халқы қонақжай екен. Жарты жолда да демеу көрсетті. Қуанып қалдым. Алматының бүгінгі ауа райы да тамаша», – дейді Әбубайке.
Жартылай марафонда екінші орын Өзбекстан спортшысы Бекзод Бойматовқа бұйырса, қырғыз атлеті Жүсіп Сүлейман уулу қола алды.
Әйелдер арасындағы жартылай марафон жеңімпаздары:
- Мария Мазуренко (Украина);
- Карина Костромина (Ресей);
- Ксения Авдеева (Қазақстан).