Дубайда қайта ашылған Global Village қалашығында Қазақ базары жоқ

Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты ақпанның аяғында жабылған Global Village қалашығы қайтадан жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Kursiv.Media Дубай әкімшілігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Дубай тіршілігі жанданады
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі тіршілік қайтадан жанданып келеді. Мәселен, Дубай билігі шаһардағы ең үлкен мәдени орталықты қайта ашу туралы шешім қабылдады.
«Әлем қалашығы 20 сәуір, дүйсенбіден бастап қонақ қабылдауға дайындалып жатыр. Қалашық күнде сағат 17:00-ден бастап түн жарымына дейін ашық тұрады», – деп жариялады Dubai Media Office өзінің X әлеуметтік желісіндегі ресми парағында.
Әлем қалашығы 2025 жылғы 15 қазанда отызыншы маусымын ашқан. Дубай билігінің жоспары бойынша, ол 2026 жылғы 10 мамырға дейін жұмыс істеуі керек еді. Алайда биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштері Иранға шабуылдап, аймақта соғыс басталған соң, билік қалашықты уақытша жапқан. Енді, жағдай біршама тұрақталған соң, жергілікті әкімдік оны қайтадан ашқалы жатыр.

Қазақ базары
Дубайдағы ең тартымды орындарың бірінде әлемнің тоқсаннан астам елінің павильоны бар. Қазақстанда да Kazakh Bazaar, яғни Қазақ базары деп аталатын павильонын сонда орналастырған.
Қазақ базарында ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, сувенирлер ұсынылды. Алайда Global Village ресми сайтында қазір 30 павильон ғана қалған. Олардың ішінде қазақ базары жоқ.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Біріккен Араб Әмірліктерін қауіпті елдер тізіміне қосқан. Елдегі әуе компаниялары да осы бағыттағы рейстерді жаздың аяғына дейін тоқтатқан.