Отбасы банк пен ҚТЖ тұрғын үй бағдарламасын бастады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ) мен Отбасы банк теміржолшыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін тұрғын үй бағдарламасын бастады. Бұл туралы Kursiv.Media компания мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
ҚТЖ компания қызметкерлерінің «тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған» бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңі басталғанын жариялады. Баспана жобасы Отбасы банкпен бірге жүзеге асады. Бірақ әзірге оған елдің барлық өңіріндегі теміржолшылар іліге алмайды.
«Бірінші кезеңде 2026 жылдан бастап бағдарламамен кадрлардың тұрақтамауы мен теміржол мамандарының тапшылығы байқалған Қарағанды, Павлодар, Семей, Қостанай және Астана қамтылды», – деп хабарлады ұлттық компания.
ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов тұрғын үй нысаны құрылысымен танысып, сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау маңызды екенін атап өткен.
Бастама қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және қызметкерлердің кәсіби қызметі үшін тұрақты жағдай жасауға бағытталған.
Жақында Отбасы банк «Ұмай» мен «Жасыл ипотеканы» іске қосу үшін 90 млрд теңге қарыз алғаны мәлім болды. Ал ҚТЖ Қытайдан бірнеше локомотив сатып алған.