Иран Ормұз бұғазын қайтадан жапты

Жарияланды 20 Сәуір 2026 08:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Иран Ормұзды қайта жапты /фото: gemini generated

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды бітімгершілік шарттарын бұзды деп айыптап, Тегеранға елдің маңызды инфрақұрылымын, соның ішінде көпірлер мен электр станцияларын жоюмен қайтадан сес көрсетті. Бұл уақытта Таяу Шығыс мұнайы тасымалданатын негізгі жол Ормұз бұғазы жабық күйінде қалып отыр.

19 сәуірде Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазба жариялап, өкілдерінің Иранмен келіссөздер жүргізу үшін Исламабадқа бара жатқанын, кездесу дүйсенбіде өтетінін хабарлады.

«Біз өте әділ әрі ақылға қонымды мәміле ұсынып отырмыз, олар оны қабылдайды деп үміттенемін. Ал егер қабылдамаса, АҚШ Ирандағы барлық электр станциялары мен көпірлерді ешбір ерекшеліксіз істен шығарады, енді еркелету тоқтады, – деп жазды Трамп.

Бұған дейін де Трамп Иранның маңызды инфрақұрылымын қирататынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен еді, содан кейін тараптар екі апталық бітім жариялап, бейбіт келіссөздерді бастаған болатын.

Ақ үйдің дереккөздері журналистерге хабарлағандай, Исламабадтағы келіссөздерде АҚШ делегациясын тағы да вице-президент Джей Ди Вэнс бастап барады. Сондай-ақ консультацияларға Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысады, олар бір апта бұрын Вэнспен бірге алғашқы раундқа қатысқан еді.
Иран келіссөздерге қатысты әзірге түпкілікті шешім қабылдамағаны хабарланды.

Тараптар блокада туралы не дейді?

Қарсаңында Иран Ормұз бұғазы арқылы кемелердің қозғалысын қайта бұғаттады. Елдің әскери-теңіз күштері АҚШ Иран кемелері мен порттарына жасалған блокадасын тоқтатқанша бұғаз жабық болатынын мәлімдеді.
Ислам революциясы сақшылар корпусымен (ИРСК) байланысы бар Tasnim ақпараттық агенттігі:

«Иранның теңіз блокадасының жалғасуына байланысты ирандық қарулы күштер бүгін, жексенбіде, Ормұз бұғазы арқылы тағы екі мұнай танкерінің өтуіне жол бермеді», -деп хабарлады.

Еске сала кетейік, Ливандағы бітімгершілік кезінде Ормұз бұғазы барлық коммерциялық кеме үшін ашық болады.

Сондай-ақ оқыңыз