Тамақ дұрыс берілмейді, серуенге шығармайды: Алмасбек Садырбай аштық жарияламақ

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай тергеу изоляторындағы жағдайға шағымданып, аштық жариялағанын мәлімдеді. Мұндай мәліметтер қоғам белсендісінің журналист Вадим Борейкоға жолдаған хатында айтылған.
Тергеу изоляторындағы жағдай туралы шағымдар
Вадим Борейко Алматы қаласындағы тергеу изоляторынан Алмасбек Садырбай хат жолдағанын жеткізді. Онда ол №72 тергеу изоляторындағы жағдайға қатысты бірқатар шағым айтады.
Хатта Садырбай мекеме әкімшілігі тарапынан бірқатар бұзушылықтар бар екенін атап өткен. Оның айтуынша, карантин аймағында күніне 80-нен астам адам болғанымен, онда азық-түлік пен темекі өнімдерін қабылдауға шектеу қойылған.
Сонымен қатар ол тамақтың дұрыс берілмейтінін, айыпталушыларға сағаттық серуен уақытылы болмайтынын және серуен алаңы санитарлық талаптарға сай еместігін айтады. Жеке гигиеналық құралдар мен тұрмыстық химияның жоқ екенін жеткізген. Бұдан бөлек, төсек-орын жабдықтарының жетпейтінін және жеке төсек-орындарды тартып алады деген шағымдарын жеткізген. Туыстардан сәлемдеме қабылдау да қиынға соғатынын айтып отыр.
Алмасбек Садырбаев кім?
Алмасбек Садырбаев ауыл шаруашылығы саласындағы белсенді, «Шопан-aтa» Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.
Не үшін ұсталды?
Алмасбек Садырбаев 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Садырбай Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр және Кеген аудандарында шаруа қожалықтарымен бірлесіп кооператив құрған. Уақ малдың аналық басын көбейтуге және жемшөп шығындарын өтеуге субсидиялар алған. Алайда ол кооперативке қосқан қожалықтардың жайылымдық жері болмаған.
Дей тұрғанмен кооператив басшылығы атынан жалған кадастрлық нөмірді көрсетіп, субсидияға өтініш бере алғаны айтылды. Қашықтан өтініш бергенде кооператив басшылығының ЭЦҚ-кілттерін қолданған.
Оның өтініші мақұлданып, мемлекеттен 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия алғаны айтылды.
Содан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия бөлу мәселесімен 2023 жылдан облыстық әкімдіктер айналысатынын жеткізді.