Бектенов Қазақстанға бай адамдарды тартуды тапсырды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: primeminister.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанның көші-қон саясаты өзгереді. Бүгін премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында үкіметке арнайы тапсырма берілді.

Министрлер кабинетінің басшысы Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сұранысқа ие мамандар мен инвесторларды тарту бойынша кешенді шаралар әзірлеу жүктелді.

«Еңбек министрлігіне Экономика министрлігімен, Ішкі істер министрлігімен, Сыртқы істер министрлігімен, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен және басқа де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанға сұранысқа ие мамандарды, талантты, білімді және дәулетті адамдарды тарту бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет. Мәдениет министрлігі бұл бағытта белсенді үгіт-насихат науқанын жүргізеді», – деді ол жиында.

Елде тұруға рұқсат алу үшін талап күшейеді

Бұдан бөлек Бектенов елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу талаптарын қатаңдату туралы да айтты. Ендігі кезекте «заңға бағыну мінез-құлық қағидаты» негізге алынбақ. Яғни, жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған немесе әкімшілік және қылмыстық теріс әрекеттер жасаған шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартады.

Сондай-ақ өтініш берушілердің қаржы тұрақтылығы мен жергілікті қоғамға тез сіңісіп кету қабілетіне ерекше назар аударылады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биылдың өзінде заңсыз көші-қонды ұйымдастырған 5 ірі арнаның жолы кесілген.

Кеңес барысында еңбек көші-қонын реттеудегі экономикалық теңгерімсіздік мәселесі де көтерілді. Олжас Бектенов жұмыс берушілерге шетелдік жұмысшыларды заңды түрде рәсімдегеннен гөрі, заң бұзғаны үшін айыппұл төлеу тиімдірек болып отырғанын сынға алды. Осы олқылықты жою үшін алымдар мен айыппұлдардың мөлшері қайта қаралып, платформалық жұмыспен қамту саласындағы агрегаторларға (Яндекс, Glovo және т.б.) шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін сақтау бойынша қатаң талаптар қойылмақ.

19 сәуірде министрлік инвесторлар, бизнес өкілдері және өзге де шетел азаматтары үшін елге кіру тәртібін жеңілдеткенін мәлімдеген. Әсіресе,  ІТ саласы, денсаулық сақтау, креативті индустрия, жаратылыстану ғылымдары, инженерлік және өңдеу салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары болғандықтан, ерекше қолдау көрсетілмек.

Сондай-ақ оқыңыз