Қазақстанда банк ашатын инвестордың рейтингі жоғары болуға тиіс

Енді Қазақстанда ірі банк немесе сақтандыру компаниясының акциясын сатып алғысы немесе өз филиалын ашқысы келетін шетелдік компаниялардың халықаралық рейтингі жоғары болуға тиіс.
Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк, сақтандыру және бағалы қағаздар саласында жұмыс істегісі келетін шетелдік компаниялар мен мемлекеттер үшін ең төменгі рейтинг талаптарын белгіледі. Бұл ережелер еліміздің қаржы жүйесіне тек халықаралық деңгейде мойындалған, тұрақты ұйымдардың келуін қадағалау мақсатында енгізіліп отыр.
Халықаралық рейтинг – басты талап
Жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстанда ірі банк немесе сақтандыру ұйымының акцияларын иеленгісі келетін (ірі қатысушы немесе холдинг мәртебесін алу), сондай-ақ өз филиалын ашуды жоспарлаған шетелдік компаниялардың кредит рейтингі жоғары болуға тиіс.
Атап айтқанда, Standard & Poors агенттігінің шәкілі бойынша рейтинг «BBB» деңгейінен төмен болмауы шарт.
Сондай-ақ Moody’s және Fitch агенттіктерінің осыған сәйкес келетін балама көрсеткіштері де негізге алынады. Бұл талап инвестициялық портфельді басқарушыларға да қатысты, бірақ олар үшін ең төменгі шек «B-» деңгейінде белгіленген.
Қандай жеңілдік қарастырылған
Дегенмен заңнамада кейбір жағдайларда рейтинг көрсеткішіне қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Егер шетелдік компания мен ол тіркелген мемлекет рейтингі «BB-» деңгейінен төмен болмаса және сол елдің қаржы бақылау органы мен ҚНРДА арасында ақпарат алмасу туралы арнайы келісім болса, рейтинг талабы сәл төмендетілуі мүмкін.
Сонымен қатар 2013 жылға дейін банк холдингі мәртебесін алған кейбір жапондық компаниялар үшін (JCR рейтингі бар) өздерінің ерекше өтпелі ережелері сақталады.
Ірі корпорацияларға қандай талап қойылады
Өз акциялары халықаралық биржаларда (NASDAQ, Нью-Йорк, Лондон, AIX және т.б.) еркін айналымда жүрген ірі шетелдік инвесторлар үшін жеке талаптар жиынтығы бекітілген.
Мұндай компаниялардың меншікті капиталы 200 миллион АҚШ долларынан кем болмауы керек.
Бұған қоса, олардың қаржы тұрақтылығын растайтын төрт негізгі көрсеткіш есепке алынады: таза табыстың капиталға қатынасы (кемінде 3%), жедел өтімділік коэффициенті (0,8-ден кем емес), капиталдың жеткіліктілігі (8%-дан жоғары) және әлемдік «үлкен төрттік» (Deloitte, EY, KPMG, PwC) аудиторларының қорытындысы.
Өтімділігі жоғары активтер тізімі қажет
Компанияның кез келген уақытта өз міндеттемелерін орындай алу қабілетін тексеру үшін «жоғары өтімді активтер» тізімі де нақтыланды.
Бұл тізімге қолма-қол ақша, Ұлттық банк пен Орталық депозитарийдегі қаражат, алтын, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтері шығарған облигациялар кіреді.
Бұл активтер компанияның қаржылық «қауіпсіздік жастығы» ретінде қарастырылады және оның нарықтағы сенімділігін айқындайды.
Бұған дейін ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова үкіметте «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасын таныстырып, жаңа рейтинг агенттігі құрылатынын айтқан.