Қатар шетелдік тасымалдаушылар үшін әуе кеңістігін ашады

Қатар мемлекетінің Азаматтық авиация басқармасы Хамад халықаралық әуежайы арқылы Қатар мемлекетінде шетелдік әуе компанияларының операциялық қызметін кезең-кезеңімен қайта бастау туралы ұшу құрамына арналған хабарлама (NOTAM) шығарды.
«Шешім жедел қызметтің барынша жоғары дайындығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік құрылымдармен келісе отырып жүргізілген жағдайды толық бағалау қорытындысы бойынша қабылданды», – делінген Қатардың Азаматтық авиация басқармасының хабарламасында.
Ведомство барлық ұшу және қонуға байланысты операциялар жолаушылар мен әуе компаниялары қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті сақтық шараларын сақтай отырып, ең жоғары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылатынын баса айтты.
Айта кетейік, қазір Қазақстанның Қатар мен Сауд Арабиясына ұшатын рейстер де тоқтап тұр. Кейбір шетелдік тасымалдаушылар, атап айтқанда FlyDubai, ұшуды жалғастырған. Бірақ әуе кеңістігі әлі де тыныш емес болғандықтан Дубай әуежайының өзі жұмысын жиі тоқтатуға мәжбүр.
СІМ өкілі ұшу қауіпсіздігі мен аймақтағы жалпы жағдай министрлікпен бірлесе отырып күнделікті сараланып отыратынын, алдағы шешімдер тек қауіп-қатерді бағалағаннан кейін ғана қабылданатынын атап өтті.
Осыған дейін Air Astana наурыз айының соңына дейін Дубайға ұшпайтынын хабарлаған еді.