Атырау мұнай өңдеу зауытында қосымша қуат көзі іске қосылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Электр желілері жаңарып жатыр / Фото: ҚМГ баспасөз қызметі

Атырау мұнай өңдеу зауытының электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып жатыр. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының хабарлауынша, биылғы қыркүйек айына дейін зауытта арнайы резервтегі қуат көзі пайда болады.

Жоба аясында кернеуі 220 кВ болатын, ұзындығы 24 шақырымнан асатын екі бір тізбекті әуе желісі салынып жатыр.

Бұл бастама, ең алдымен, өндіріс ошағының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге арналған. Қосымша электр желісі негізгі жүйеде іркілістер болған жағдайда маңызды жабдықтарды сенімді қорғап, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Электр қуатында іркіліс болмаса, шикізатты факелдерде мәжбүрлі түрде жағу қаупі де айтарлықтай төмендейді. Осылайша, зауыттың энергетикалық тұрақтылығымен қатар, аймақтың экологиялық қауіпсіздігі де күшейе түспек.

Қазіргі таңда құрылыс алаңына қажетті жабдықтар мен материалдар жеткізіліп, темірбетон тіректер дайын. Ауқымды жоба 2026 жылдың қыркүйек айына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары өндіріс бағытын біршама өзгертті. Қазақстанның Отын-энергетика кешенін талдау орталығы мен Reuters агенттігінің есептеуінше, зауыттар өңдеген шикі мұнай көлемі былтыр осы кезеңмен салыстырғанда 1%-ға қысқарып, 4,471 млн тоннаны құрады.

Сондай-ақ оқыңыз