Енді мүмкіндігі шектеулі адамдарды көбірек жұмысқа алатын болады

Қазақстандағы әлеуметтік саясат өзгеріп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды көбірек жұмысқа тарта бастайды. Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.
Министрдің сөзінше, өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың мүмкіндігі шектеулі жанның ішінен 110,8 мың адам немесе 30%-ы жұмыспен қамтылған.
«Осы жылдан бастап біз квотамен 17 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жанды қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл 2025 жылмен салыстырғанда екі есе көп», – дейді ол.
Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту үшін екі түрлі тетікті қолданған. 25 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдаумен (оқу, грант немесе субсидияланған жұмыс орындары) қамтылса, тағы 8,1 мың адам компанияларға заңмен жүктелген міндетті бос орындар арқылы жұмысқа тұрған. Бұл шаралардың басты мақсаты – азаматтарға кәсіп үйретіп қана қоймай, олардың тұрақты табыс тауып, қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
«Жұмыспен қамтылғандардың ең жоғары үлесі Ұлытау облысында (2,9 мың адам немесе 44,5%), Қарағанды облысында (16,7 мың адам немесе 38,5%) және Астана қаласында (13,2 мың адам немесе 38%) байқалады. Бұл ретте жұмыспен қамтылғандардың төмен көрсеткіштері Абай (2,8 мың адам немесе 24,5%), Түркістан (41,8 мың адам немесе 23,7%) және Алматы (18 мың адам немесе 22,4%) облыстарында тіркелген», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Оның сөзінше, министрлік осы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін квоталарды орындау үшін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алу тәсілін әзірлейді.
Қазіргі уақытта елде ресми тіркелген мүмкіндігі шектеулі адамдар саны – 725 мың. Осыған дейін депутаттар мүгедек азаматтарға берілетін жәрдемақыны 85 мың теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынған.