Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жеке вагондар іске қосылады

Еліміздегі вокзалдар, вагондар мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаншалықты қолайлы? Бүгін үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев осы сұраққа жауап берді.
Оның сөзінше, қазір вагондардың шамамен 90%-ы көтергіш құрылғылармен және бейімделген купелермен жабдықталған. Ал алдағы төрт-бес жыл ішінде әр пойызда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кемінде бір вагон болады.
«2030 жылға қарай әрбір пойыз құрамында кемінде бір мамандандырылған вагон болады. Вокзалдарды қайта жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында қолжетімділіктің барлық қажетті элементтері: пандустар, лифттер, көтергіш құрылғылар қарастырылып жатыр. Сондай-ақ касса аймақтары мен санитарлық тораптар қайта жабдықталуда. Қазіргі таңда теміржол билеттеріне 50 пайыздық жеңілдік қолданылады және мамандандырылған купелерге билетті онлайн ресімдеу мүмкіндігі бар», – деді Сауранбаев.
Министр атап өтуінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша пойыздармен 580 мың мүмкіндігі шектеулі жан тасымалданған.
Бүгін үкіметтегі күн тәртібінде елдегі әлеуметтік саясат тақырыбы сөз болған еді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүмкіндігі шектеулі адамдарды көбірек жұмысқа алатынын айтты. Биыл кемінде 117 мың азамат қызметке қабылдануы керек.