Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады – Halyk Finance

Жарияланды 21 Сәуір 2026 16:52

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты қандай шешім шығарады / Фото: kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары 24 сәуірде өтетін отырыста Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырады деген болжам жасап отыр. Мамандардың пайымдауынша, инфляцияның баяулауы әлі де тұрақсыз. Сондықтан маусым айындағы шешім де қазіргі көрсеткіштен ауытқымауы ықтимал.

Инфляциялық қысым жоғары

2025 жылдың соңында инфляция бәсеңдегенімен, биыл қайта қарқын алып, құбылмалы күйге енді. Жылдық көрсеткіш төмендегенімен, айлық инфляцияның 2025 жылдың соңғы тоқсанындағы 0,7%-дан 2026 жылдың бірінші тоқсанында 0,9%-ға дейін өсуі алаңдаушылық туғызып отыр.

Сарапшылар жақын айларда баға өсіміне әсер ететін екі негізгі факторды атайды:

  • Тариф пен отын бағасы: Коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай құнына қойылған уақытша шектеулердің (мораторий) аяқталуы нарыққа айтарлықтай салмақ салады.
  • Валюта бағамы: Теңгенің долларға шаққандағы нығаюы уақытша құбылыс деп бағаланып, алдағы уақытта ұлттық валюта әлсіреуі ықтимал.

Биыл қосылған құн салығының (ҚҚС) 16%-ға дейін көтерілуі бағаға әлі толық әсер ете қойған жоқ. Сонымен қатар экономикалық өсім қарқынының жыл басында 3%-ға дейін баяулауы және тұтынушылық белсенділіктің тежелуі инфляциялық процестерді уақытша ұстап тұр.

Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемені сақтауы халықтың ақша жинауға деген ынтасын арттырып, тұтыну несиесін байқап алуға әсер еткен.

Болашаққа болжам: 18% деңгейі неге маңызды?

Halyk Finance талдауынша, инфляция жыл соңына қарай 10,5-11,5% дәлізінде қалыптасуы мүмкін. Бұл – қос таңбалы, жоғары көрсеткіш. Сондықтан реттеушінің ақша-несие саясатын қатаң ұстауы инфляциялық болжамды тұрақтандыру үшін қажет.

Қазір негізгі мөлшерлеме 18 пайызды құрайды. Ұлттық банк бұған дейінгі шешімінде негізгі көрсеткішті өзгеріссіз қалдырған. 

Сондай-ақ оқыңыз