
АҚШ-тың Вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімді талқылау үшін Пәкістан астанасына аттанады. Ресми Тегеран келіссөзге қатысатынын әлі ашық растамағанымен, БАҚ көздері Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи бұған рұқсат бергенін Axios хабарлауда. Кездесу 22 сәуір, сәрсенбі күнге жоспарланып отыр.
Бұл мәлімдеме АҚШ әскерилері халықаралық су айдынында Иранның алып мұнай танкерін ұстағаны туралы хабарлағаннан кейін жасалды. Бұл Иран мұнайының экспортына қарсы бағытталған алғашқы осындай қадам.
Тегеранның кешігу себебі және ішкі қарсылық
Иран тарапы келіссөздерді созуда. Сарапшылардың пікірінше, бұған Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) қысымы себеп. Олар: «АҚШ Ормұз бұғазындағы теңіз блокадасын тоқтатпайынша, ешқандай келіссөз болмасын» деген қатаң талап қойып отыр. Дегенмен, дүйсенбі күні кешке Жоғарғы көшбасшыдан делегацияны Исламабадқа жіберу туралы келісім алынған көрінеді.
Иран тарапынан келіссөздерге кім бармақ?
Axios мәліметінше Иран Парламентінің (Мәжіліс) спикері Мұхаммед Багер Галибаф болуы мүмкін. Ол сәуір айының басында өткен келіссөздердің бірінші кезеңінде Иран делегациясын басқарған болатын. Қазіргі таңда ол Иранның басты келіссөзшісі болып саналады.
Трамптың талабы мен қатаң ескертуі
Президент Трамп Иранның келісімге келуден басқа амалы жоқ деп есептейді. Ол келіссөздер нәтижелі болмаса, Иранның көпірлері мен электр станцияларына соққы жасауды бастайтынын ескертті. Трамп теңіз блокадасын «үлкен жетістік» деп атап, егер келісім жасалмаса, бомбалау жұмыстары жалғасатынын ашық айтты.