«Жәдігер қару» ұғымы заңда жоқ – Әбенов университет пәтеріндегі дау жайлы

Мұрат Әбенов Назарбаев университеті пәтеріндегі қару дауына қатысты тағы да пікір білдірді. Депутат Қазақстанда «жәдігер қару» деген құқықтық ұғым жоқ екенін атап өтті. Осыған байланысты Ішкі істер органдарының соңғы мәлімдемелері қоғамда түсінбеушілік туғызып отырғанын жеткізді.
Депутаттың айтуынша, еліміздің заңнамасында қарудың «антиквар» немесе «жәдігер» түріне арнайы рұқсат беретін норма қарастырылмаған.
«Біздің заңда антиквар қару деген түсінік жоқ. Кез келген қаруға рұқсат қажет. Сондықтан ІІМ-нің бұл жерде «жәдігер қару» деп түсіндіруі түсініксіз. Егер ондай ұғым бар болса, онда ресми түрде халыққа «ескі қаруды ұстай беруге болады» деп айту керек. Бірақ бізде ондай норма жоқ», – деді Әбенов.
Ол сондай-ақ қаруды сақтау тәртібі қатаң реттелетінін еске салды. Депутаттың пікірінше, қаруды арнайы рұқсатпен ғана үйде сақтауға болады, ал қоғамдық орындарда алып жүруге мүлде болмайды. Тіпті қару шетелден әкелінген жағдайда да міндетті түрде құқық қорғау органдарының рұқсаты қажет.
Бұған дейін Мұрат Әбенов Назарбаев университетіне тиесілі пәтерде шетел азаматтары қарумен ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда полиция бұл ақпаратты жоққа шығарып, аталған қарулар «жәдігер қарулар» екенін мәлімдеген.
Депутат ІІМ-нің мәлімдемесімен келіспейтінін ашық айтты. Оның пікірінше, мәселе нақты әрі ашық түсіндірілуге тиіс, өйткені заңда жоқ ұғымдар арқылы қоғамды шатастыру дұрыс емес.
«Егер біреудің пәтеріне түнде жәшікпен қару жеткізілді деген ақпарат болса, оны теріске шығару үшін «жәдігер қару» деп айту жеткіліксіз. Заң бәріне ортақ болуы керек. Халықты алдаудың қажеті жоқ», – деді ол.
Әбенов құқық қорғау органдарын ресми және нақты ақпарат беруге шақырып, қоғам алдында ашықтықты сақтау маңызды екенін атап өтті.