Америкалық инвестор вольфрам кен орнына 1 млрд доллар инвестиция салады

Америкалық «Cove Capital» компаниясы Қазақстандағы Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын игеруге 1 миллиард доллар инвестиция салады. Бұл туралы «Тау-Кен Самұрық» компаниясы хабарлады.
Бұған дейін «Тау-Кен Самұрық» «Солтүстік Қатпар» вольфрам кен орнын игеріп отырған компаниядағы 70% үлесін америкалық инвесторға сататыны хабарланған.
Инвестордың бірлескен кәсіпорынның 70 пайыз үлесін иеленуі – әлемдік тәжірибеде тау-кен саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін қолданылатын стандартты тәсіл. Сонымен бірге Қазақстан тарапы жобаның іске асырылуына стратегиялық бақылау жасау құқығын сақтап қалады.
Бұл келісім кен орындарын сатуды емес, халықаралық капитал мен жаңа технологияларды тарта отырып, күрделі өндірісті іске қосуды көздейді.
Келісім бойынша инвестор жобаны толық қаржыландырып, барлық техникалық және операциялық тәуекелдерді мойнына алады.
Жобада кен өндіріп қана қоймай, Қазақстан аумағында дайын өнім шығару жоспарланған. Сондай-ақ халықаралық серіктес Қазақстан ішкі нарығында сұраныс жоқ вольфрам өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға көмектеседі.
Айта кету керек, аталған кен орындары Кеңес одағы кезінде барланғанымен, кен құрамының күрделілігі мен тиімді технологиялардың жоқтығынан ұзақ уақыт бойы игерілмей келген. Сондықтан бұл ынтымақтастық осыған дейін тоқтап тұрған өнеркәсіптік жобаны заманауи технологиялар мен инвестиция есебінен жандандыруға бағытталған.