Қазақстандықтарға шенген визасын алу жеңілдейді: СІМ мерзімін атады

Қазақстан азаматтары үшін шенген визасын рәсімдеу тәртібі жеңілдейді. Бұл туралы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы келіссөздер жөніндегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты.
Десе де, Қазақстан азаматтары үшін виза талабы күшінде қалады.
Әлібек Бақаевтың айтуынша, шенген визасын алу тәртібін жеңілдету екі кезеңнен тұрады.
«Бір нәрсеге назар аудару керек, Қазақстан азаматтары шенген елдеріне бару үшін визалық талаптардан босатылмайды. Әңгіме шенген визасын алу процесін жеңілдету туралы болып отыр. Бұл өте маңызды. Бірінші кезең – реадмиссия туралы келісім. Бұл екі құжат бірге қарастырылады. Еуропалық тарап бұл екі құжатқа бір мезетте қол қоюды жоспарлап отыр», – деді Әлібек Бақаев Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, екі құжат бір мезетте ратификацияға жіберіледі. Бағдарланған мерзімге сәйкес, тараптар биылғы жылдың екінші жартысында бүкіл келіссөз процесін аяқтауды көздеп отыр. Одан кейін екінші кезең басталады.
Еске салайық, қазақстандықтардың бірқатар елге кіру тәртібі өзгереді. СІМ Мысыр, Латвия, Мексика және Ресейге Қазақстан азаматтарының кіруінің жаңартылған шарттарын жариялады.