Қырғыз Ұлттық банкі сом бағамын сақтау үшін 168 млн доллар жұмсады

Жарияланды 22 Сәуір 2026 15:32

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қырғыз Орталық банкі интервенция жасады / фото: gemini genertaed

16 сәуірде Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі 168 млн доллар сомасына валюта сатқан. Бұл 2026 жылдағы ең ірі интервенция болды.

Қырғыз Орталық банкінің ақпараты бойынша, көрсетілген соманың 111,4 млн доллары есеп айырысу мәміле жасалған күні орындалатын шартпен, ал 56,6 миллион доллары есеп айырысу кейінірек болатын мерзіммен сатылды.

Бұл – Қырғызстан Ұлттық банкінің биыл жүргізген алтыншы интервенциясы, ал жыл басынан бері нарыққа шығарылған валюта көлемі 893,45 млн долларды құрады.

2025 жылы Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі сегіз интервенция жасап, оның барысында 853 млн доллар өткізілген болатын. Былтыр шетелдік валюта сатып алынбаған, тек сатылған. Валюталық интервенциялардың негізгі мақсаты – айырбас бағамының күрт құбылуын азайту.

Айта кетейік, Қырғызстанға валюта алып келетін ірі секторлардың бірі – алтын өндірісі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстанның ірі алтын өндіруші алпауыттары саналатын «Қырғызалтын» мен «Құмтөр» компаниялары бірлесіп 900 млн доллардан астам таза пайда тапты.

Сондай-ақ оқыңыз