«Жасыл Даму» тәуелсіз директорларына жылына 15 млн теңге төлейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Жасыл даму» акционерлік қоғамының тәуелсіз директорларына төленетін сыйақы мөлшері ресми түрде бекітілді. Директорлар кеңесіне кіретін тәуелсіз сарапшылардың жылдық табысы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көрсеткішімен есептеледі.

Атап айтқанда, әр тәуелсіз директорға жылына 180 ең төменгі жалақы көлемінде тұрақты сыйақы беріледі. Егер 2026 жылға бекітілген 85 000 теңге мөлшерін негізге алсақ, бір адамға жылына 15,3 миллион теңге төленеді деген сөз.

Осы сома екі бөліктен тұрады: негізгі мүшелік үшін 12,2 миллион теңге (144 ЕТЖ) және арнайы комитеттердегі қызметі үшін 3 миллион теңгеден астам (36 ЕТЖ) үстеме қосылады.

Бұл шешімді компанияның жалғыз акционері қабылдаған және бұған дейінгі ескі ережелердің күшін жойды.

Компанияның директорлар кеңесі қазір жеті адамнан тұрады. Соның ішінде төрт адам тәуелсіз директор: Рауан Шаекин, Әсел Шілдебаева, Санжар Шаймардан, Қамбар Омаров.

Құрылғанына 13 жылдан асқан компания 100 пайыз мемлекетке тиесілі. Құрылтайшысы – Экология министрлігі.

2025 жылы компанияның таза пайдасы 39,5 миллиард теңгеден асқан. Акционердің бекіткен жоспарына сәйкес, бұл қаражаттың басым бөлігі, яғни 70 пайызы (шамамен 27,6 млрд теңге) республикалық бюджетке аударылады, ал қалған 30 пайызы (шамамен 11,8 млрд теңге) компанияның өз дамуына қалады.

2022 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен утильалым мәселесі «Жасыл даму» мемлекеттік компаниясына берілді. Бұл компания қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратуға маманданған.

Сондай-ақ оқыңыз