Депутаттар Қазақстанда алимент қорын құруды ұсынды

Қазақстанда ата-аналардың балалары алдындағы алимент бойынша берешегі 18 миллиард теңгеге жетті. Осыған орай мәжіліс қабырғасында төлемдерді кепілдендіретін мемлекеттік алимент қорын құру ұсынылды. Мұндай бастаманы депутат Магеррам Магеррамов көтерді.
Алимент қарызы ресми статистикадан да көп
Депутаттың мәліметінше, алимент бойынша жалпы берешек көлемі 18 млрд теңгеден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Көп жағдайда төлемді тұрақсыз жасайтын немесе ең төменгі мөлшермен шектелетіндер статистикаға енбей қалады.
«Бұл 18 млрд мүлде төлемейтін немесе үш айдан астам уақыт төлем жасамағандардың қарызы. Ал егер айына бір рет, екі айда бір рет төлейтіндерді немесе ең төменгі соманы ғана аударатындарды есепке алсақ, берешек екі есеге дейін артуы мүмкін. Біреулер үшін бұл жай ғана сандар шығар, бірақ оның артында дәл қазір қолдауға мұқтаж қаншама бала тұр», – деді депутат.
Ресми деректерге сәйкес, алиментті балалардың шамамен 4%-ы алады, бұл 300 мыңнан астам бала. Әсіресе, мүгедектігі бар балалар тәрбиелеп отырған отбасыларда жағдай қиын, өйткені оларға емдеу мен күтімге кететін шығындар тұрақты түрде қажет.
Депутат ұсынысы
Депутат мемлекеттік алимент қорын құруды және төлемнен жалтаруға мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтарды жоюды ұсынды.
«Алимент төлемейтіндерге жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтарды жоюды ұсынамыз. Үкіметтің ұстанымы бізге түсініксіз. Үкіметтің алимент қорын құруға қарсы негізгі уәжі – адамдарда масылдық пайда болады деген болжам жасауда. Алайда үкіметтің бұл мәселені түбегейлі шеше алмауы жауапсыздықтың көбеюіне әкелді, ал қарыз көлемі соның айқын дәлелі. Мұнда алаңдайтын мәселе масылдық емес, керісінше, жауапсыз ата-аналардың жауапкершіліктен құтылып кететініне сеніп, өз балалары алдындағы міндеттеріне салғырт қарауы», – деді депутат.
Қорды салықтан тыс түсімдер есебінен, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді қайтарудан қалыптасатын арнайы мемлекеттік қор қаражатынан қаржыландыру ұсынылады.
Айта кетейік, Қазақстандағы оперативтік-іздестіру қызметінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі мәлімет бойынша 887 144 адамға ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Елде мұндай шектеулердің саны артып келеді. Ал борышкерлердің ішінде ең үлкен үлесті алимент бойынша берешегі бар азаматтар құрайды.