СҚО-да үш адам қаза тапқан жол апаты үшін жүргізуші бес жылға сотталды

Солтүстік Қазақстан облысында сот жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіге қатысты үкім шығарды. Бұл апатта үш адам қаза тауып, тағы екі адам зардап шеккен болатын.
Жол апаты өткен жылдың 1 қыркүйегінде болған. Сотталушы Chevrolet Monza автокөлігін басқарып, Челябинск – Новосибирск автожолымен Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылының маңында келе жатқан. Сот көрсеткендей, ол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, рульге ие бола алмай қалып, қарсы бағытқа шығып кеткен және Mazda CX5 автокөлігімен соқтығысқан.
Іс материалдарына сәйкес, соққыдан кейін Mazda CX5 тұрақтылығын жоғалтып, қарсы бағытқа шығып кеткен де, Lexus LX570 автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Mazda CX5 жолаушылары оқиға орнында көз жұмды, ал жүргізушісі кейінірек медициналық мекемеде қайтыс болды. Бір жолаушының денсаулығына ауыр зиян, Lexus LX570 жолаушысына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген.
Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған жауаптарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, тіркегіштегі (регистратор) видеожазбамен, сондай-ақ сараптама қорытындыларымен дәлелденді.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Ол қозғалыс кезінде ауруына байланысты кенеттен қатты ауырсынуды сезінгенін, соның салдарынан көлікті басқара алмай қалғанын түсіндірді. Бұл уәждер негізсіз деп танылды, өйткені жүргізуші ауырған күйде көлікті басқармауы тиіс екені көрсетілді.
«Сот жол қозғалысы ережелерін бұзу, соның ішінде қарсы бағытқа шығу орын алған салдарлармен тікелей себепті байланыста деген қорытындыға келді. Жүргізуші кінәлі деп танылып, оған көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айыра отырып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қоныс колониясында өтейтін болады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ. жәбірленушілердің азаматтық талап арыздары қаралды. Олардың мүліктік зиянды өтету құқығы танылып, оның көлемі туралы мәселе азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға берілді. Моральдық зиянды өтеу және өкілдік шығындар туралы талаптар ішінара қанағаттандырылып, тиісті сомалар сотталған адамнан өндірілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.