Қазақстандық киберспорт жұлдызы Неймармен кездесті

Counter-Strike 2 әлемінде аз ғана уақыт ішінде әлемдік деңгейге көтерілген Molodoy лақап атымен танымал Данил Моргунов аты аңызға айналған футболшы Неймармен кездесті.
Семейден «Фурияға» дейінгі жол
Семей қаласының тумасы Данил Моргуновтың мансабы биыл күрт өзгерді. Сәуір айында ол көпшілікке беймәлім «АМКАЛ» командасынан бразилиялық алпауыт ұйым «Фурия» (FURIA) сапына ауысты. Бұл трансфер алғашында халықаралық сарапшылар арасында күмән тудырғанымен, Данил өзінің шеберлігін іс жүзінде дәлелдеді.
Сербиядағы жеңіс пен MVP атағы
Қыркүйек айында Сербияда өткен, жүлде қоры 1,25 млн долларды құрайтын ірі турнирде Данил бастаған «Фурия» командасы қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Данил бұл жарыстың ең үздік ойыншысы (MVP) атанып, мансабындағы алғашқы алтын медалін иеленді. Жеңістен соң ол Лионель Мессидің стилінде кубокпен бірге төсекте жатқан суретін жариялап, жанкүйерлерді сүйсіндірді.
Неймардың қолдауы және жұлдызды кездесу
Данил өнер көрсететін «Фурия» ұйымының президенті әрі амбассадоры әлемдік футбол жұлдызы Неймар. Бразилиялық шабуылшы қазақстандық ойыншының жетістігіне Instagram-да пікір қалдырып, қолдау білдірген еді. Енді жеке кездесіп, естелікке суретке түсті.