Ел аумағына құлаған дрондарға қатысты министрлік қылмыстық іс қозғады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Былтыр жаздан бері ел аумағына оншақты дрон құлады. Оларға қатысты зерттеу жүргізілді ме, тексеріс болды ма? Осы жайлы Kursiv Media Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігіне арнайы сауал жіберді.

СІМ сұрақ министрлік құзыретіне кірмейтінін айтып, жауап беруден бас тартты. Ал Қорғаныс министрлігі ел аумағына дрондар құлауына қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

«Қазақстан аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарының құлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, уәкілетті құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қылмыстық істердің материалдары жария етілмейді», – деп жазылған ведомствоның редакцияға жолдаған хатында.

Нақты қандай бап бойынша қозғалғаны, қай оқиғаға қатысты екені белгісіз.

Тексеру әлі біткен жоқ

Былтырдан бері елдің батысына кемінде оншақты дрон құлаған. 2025 жылы ақпан-наурыз айларында Батыс Қазақстан облысына төрт дрон, жазда Маңғыстауға тағы бір дрон құлаған. Сол кезде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов ол аппараттар Ресейге тиесілі екенін айтқан.

Ал биыл наурызда Атырау облысына, Батыс Қазақстан облысында тағы бірнеше дрон құлады. Бірақ оларға қатысты әлі нақты ақпарат белгісіз.

8 cәуірде Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков дрон бөлшектерінің қай елге тиесілі екенін анықтау үшін комиссия құрылғанын мәлімдеген. Бүгін журналистер алдына шыққан вице-министр комиссия жұмысынан хабарсыз еткенін айтты. Тексеру қорытындысы қашан шығатыны да белгісіз.

«Қазір бұл сұрақпен ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Яғни тек Қорғаныс министрлігі ғана зерттеу жүргізбейді. Ведомствоаралық комиссия жұмысы әлі бізге жеткен жоқ. Олар Қорғаныс министрлігіне немесе Қарулы күштерге бағынбайды. Сондықтан біз мына уақытта бітеді деп нақты айта алмаймыз», – деді Мұстабеков тілшілер сұрағына.

Дрондар – Ресей мен Украина арасындағы соғыста басты әскери техниканың біріне айналды. Екі тарап ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы мұнай құбырлары, әуежай, өндірістік кәсіпорындар сияқты маңызды нысандарға шабуыл жасайды.

Кей деректер бойынша, Ресей тоңазытқыш деп жасырып, Қытайдан дрондар сатып алып, санын көбейтіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз