Алматыда жарнама үшін бетін тұмшалағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Алматы қаласында сауда орталықтарының бірінде бірнеше әйел бетін тұмшалап жүргені үшін әкімшілік жауыпкершілікке тартылды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде резонанс тудырған бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді. Видеода беті-басын толық тұмшалаған бірнеше әйел мен олардың қасында жүрген ер адам бейнеленген.
Қойылымның соңы жазаға ұласты
Полицияның тексеруі нәтижесінде бұл роликтің коммерциялық мақсатта түсірілген қойылымдық видео екені анықталды. Алайда түсірілім барысында Қазақстан заңнамасын бұзу фактілері тіркелген.
«Жекелеген қатысушылардың әрекеттерінен қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталды», — делінген ресми хабарламада.
Тәртіп сақшылары жинақталған материалдарды қарап, келесі шешімдерді қабылдады. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алматы қаласының полициясы кез келген мақсаттағы (соның ішінде шығармашылық немесе коммерциялық) түсірілімдер заң шеңберінен шықпауы тиіс екенін ескертеді.