Қазақстан Ресейден астық транзитіне қатысты шектеуді алып тастауды сұрады

Жарияланды
Businness news бөлімінің тілшісі
Астық
фото: shutterstock

Қазақстан Ресейден ауыл шаруашылығы саласындағы шектеулерді алып тастауды сұрап отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Ресей Үкіметаралық комиссиясының тең төрағаларының кездесу барысында айтылды.

Мәселе қазақстандық астық пен бұршақ дақылын Ресей Федерациясының теңіз порттары арқылы жинақтап, транзиттеу туралы, сондай-ақ үшінші елдерден шыққан зығыр, жасымық, күнбағыс тұқымдарын, кесілген гүлдер мен бүршіктерді әкелу туралы болып отыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, мәселе 2024 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Осы уақыт ішінде бірқатар позициядағы шектеу алынып тасталды. Оның ішінде қызанақ, бұрыш және жекелеген аймақтардан бидай жеткізу бар. Бірақ жоғарыда сөз болған өнім санаттары бойынша шектеу әлі сақталып тұр.

Ермек Кенжеханұлының сөзінше, 2025 жылдан бастап өнімді жеткізу кезінде санитарлық және карантиндік талап бұзылмаған. Осыған байланысты қазақстандық тарап қалған шектеулерді алып тастау керек екенін атап өтті.

Айта кетейік, отырыс барысында Қазақстан мен Ресейдің өзара инвестиция көлемі де айтылды. Cоңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына 28,5 млрд доллар тікелей инвестиция құйған. Осы кезеңде Ресейге 9 млрд доллар қазақстандық инвестиция салынды. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 27,4 млрд долларға жетті.

Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 22 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың жалпы санының 35%-ын құрайды.

Жалпы, 2026 жылдың үш айында негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 3,5 трлн теңгені құрап, 6,4%-ға артты.

Сондай-ақ оқыңыз