Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім шығарып, негізгі көрсеткішті төртінші рет 18% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады», – деп жазылған хабарламада.
Реттеуші наурызда айлық инфляция ақпандағы 1,1%-дан кейін 0,6%-ға дейін төмендегенін атап өтеді. Оған қатаң ақша-кредит шарттары, айырбас бағамының қолайлы серпіні, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ коммуналдық төлемді өсіруге қойылған мораторий себеп болған.
Дегенмен Ұлттық банк мамандары алдағы бір жылда инфляция 14,6%, ал нарықтың кәсіби қатысушылары 10,0% деңгейінде қалады деп болжап отыр.
Сыртқы нарықтың ықпалы
Реттеуші хабарламасында Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы әлемдік азық-түлік, энергия ресурстарының бағасын көтеріп жібергенін де атап өтеді. Ол жағдай Қазақстанға сырттан келетін тауарлардың қымбаттауына да себеп болған.
Ресей Федерациясында инфляция деңгейі әлі де жоғары. Дегенмен Ресей Орталық банкі 2027 жылы оны төмендетуге тырысып жатыр. Еуроаймақ пен АҚШ-та наурызда инфляция жеделдеп, нарықтағы тәуекелдер еселене түсті. Осыған байланысты Еуропалық Орталық банкі мен ФРЖ пайыздық мөлшерлемені өзгертпеу туралы шешім қабылдаған.
Базалық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін
Ұлттық банк атап өтуінше, инфляцияның өсуіне ең алдымен Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан сыртқы нарықтағы қысымның артуы себеп болып отыр. Сонымен қатар, мораторий аяқталған соң, коммуналдық қызметтер мен жанармай тарифтерінің күрт өсуі, сондай-ақ мемлекет реттейтін бағалардың көтерілуі қосымша қауіп тудырады.
Мұндай өзгерістер бизнестің шығындарын көбейтіп, айналып келгенде тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Осы орайда инфляцияны төмендету үшін бюджет шығындарын жүйелі түрде азайтып, мемлекеттік ынталандыру шараларын өте сақтықпен жүргізу маңызды дейді мамандар.
Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар болмаса, Ұлттық Банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін де хабарлады.
Биыл 6 наурызда да реттеуші базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырған еді.
1 сәуірде өткен жиында тілшілер елдің бас банкирі Тимур Сүлейменовтен базалық мөлшерлеме қалай өзгеретіні жайлы сұраған. Сонда Сүлейменов шешім шығару үшін жанар-жағармай бағасы, коммуналдық тариф құны қалай өскенін, бизнес жаңа салық өзгерістеріне қалай бейімделетінін байқаймыз деген еді.
Осыған дейін Halyk Finance сарапшылары да Ұлттық банк мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп болжаған еді. Мамандардың пайымдауынша, инфляцияның баяулауы әлі де тұрақсыз. Сондықтан маусым айындағы шешім де қазіргі көрсеткіштен ауытқымауы ықтимал.