2025 жылы әлем халқының денсаулығы жақсарды – ДДСҰ

2025 жылы әлем халқының денсаулығы алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір жақсарды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған есепте айтылған.
Жалпы халықаралық денсаулық сақтау саласында қаржылық қолдаудың азайғанына қарамастан бұл үрдіс сақталған.
Қанша адамның денсаулығы жақсарды
ДДСҰ мәліметінше, 2018 жылмен салыстырғанда негізгі медициналық қызметтерге қол жеткізіп, денсаулық сақтау үшін ауыр қаржылық күйзеліске ұшырамайтын адамдар саны 567 миллионға артқан. Сондай-ақ табиғи апаттар, аурулар немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде адамдардың денсаулығына төнетін қауіптерден қорғалатын адамдар саны 698 миллионға көбейген. Яғни, бұрын қауіпке көбірек ұшырайтын адамдар қазір жақсырақ қорғалып отыр.
Қазіргі таңда 1,75 млрд адам бұрынғыға қарағанда әлдеқайда салауатты өмір сүруде.
«Бұл жетістіктер – ұйым мен серіктес елдердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Осының арқасында көптеген елдерде миллиондаған адамның өмірін жақсартуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Бұл прогресті сақтап қалу үшін тұрақты қолдау мен инвестициялар қажет, – деп атап өтті ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.
Халық денсаулығының жақсару себептері
Халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының жақсаруына ықпал ететін факторларға таза энергия көздерін пайдалану, ауаның ластануын азайту, санитарлық жағдайларды жақсарту және темекі мен алкоголь тұтынуды азайту жатады.
ДДСҰ-ның ұсынымдары мен техникалық қолдауы осы нәтижелерге қол жеткізуде маңызды рөл атқарды.
Өзекті мәселелер
АИТВ, туберкулез және бактериялық инфекциялармен күресте жетістік бар. Бірақ қант диабеті мен қызылшаға қатысты бақылау әлі де жеткіліксіз.
Ауруларды диагностикалау, төтенше жағдайларға әрекет ету және полиомиелитті жою сияқты кешенді тәсілді қажет ететін бағыттарда қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты қиындықтар әлі де сақталуда.
Айта кетейік, енді БАД өнімдеріне міндетті таңбалау енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасын жария талқылауға шығарды.