Генералдар белтемірге тартылып, жүгіруден сынақ тапсырды

Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Бас штаб және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары дене дайындығы бойынша бақылау сабақтарынан өтті. Жоғары офицерлік құрамнан 12 генерал бақылау нормативтерін тапсырды.
Олар дене дайындығы бойынша сынақ тапсырып, № 3 жаттығуды (белтемірге тартылу) және № 37 жаттығуды (1 шақырым жүгіру) орындады.
Қысқы оқу кезеңінің қорытындысы бойынша бақылау сынағын Спорт комитетінің офицерлері қабылдаған. Оның барысында нормативтерді орындаумен қатар, жаттығуларды орындау техникасы, төзімділігі және жалпы дене дайындығының деңгейі ерекше назарға алынған.

Спорттық іс-шараны медициналық қажетті құрал-жабдықтармен, санитарлық көлікпен қамтамасыз етілген дәрігерлік-фельдшерлік бригада бақылап тұрған.
Қорғаныс министрлігі басшылық құрам жақсы физикалық дайындық деңгейін көрсетіп, белгіленген нормативтерді толық көлемде орындағанын атап өтті. Үздік нәтиже көрсеткен офицерлер келесі жиында марапатталмақ. Ал алынған көрсеткіштер алдағы дене дайындығын жоспарлау кезінде ескеріледі.
Бұған дейін, Алматы облысында антитеррорлық оқу-жаттығулар өтетінін туралы жазғанбыз.
Оның алдында Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағына үшінші рет бітімгерлерді аттандыратыны хабарланған.