Масаға қарсы дезинсекция: астаналықтарға түнде терезе ашпауға кеңес берілді

Астана қаласында маса, шіркей және басқа да жәндіктерге қарсы ауқымды дезинсекциялық жұмыстар басталды. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Жұмыстар екі ауысыммен жүргізілуде. Бірінші кезең сәуір айының басында басталды, онда су айдындарын өңдеу қолға алынған. Қазіргі таңда маса дернәсілдері анықталған 8600 гектар аумақ өңделді.
Су айдындарын өңдеу аяқталғаннан кейін 27-29 сәуір аралығында қаланың орталық бөлігінде жаппай өңдеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Өңдеу жұмыстары қаланың орталығынан басталып, кейін шет аймақтарда жалғасады. Сонымен қатар қорғаныс жолағы қатар қалыптастырылады.
Өңдеу жұмыстары түнгі уақытта – сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін жүргізіледі. Әр айналым 20 күнге созылады, барлығы алты айналым қарастырылған. Маса экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою көзделмеген, алайда бұл шаралар олардың санын 90 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
«Өңдеу жұмыстары барысында тұрғын үй нысандарына қызмет көрсететін басқарушы компаниялар, ПИК, МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс нысандары, базарлар мен сауда үйлері де атсалысуы тиіс. Атап айтқанда, жертөлелерді абаттандыру, құрғату және дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Дезинсекциялық шаралар кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды: өңдеу жүргізіліп жатқан аумақтарға баруды шектеу және өңдеу кезінде терезелерді жабық ұстау керек», – делінген хабарламада.
Аталған жұмыстарға техникалық құралдардан бөлек, дезинсекция саласында арнайы оқытылған 150-ден астам маман жұмылдырылған. Олар қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқамадан өткен.