Қазақстан боксшылары Әлем кубогында үшінші орын алды

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing федерациясының аясында өткен Әлем кубогының кезеңі өз мәресіне жетті. Дүбірлі доданың нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың шешуші күнінде рингке шыққан үш боксшымыздың екеуі алтын тұғырдан көрінді:
Валерия Аксенова 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Венгриялық Жофия Сирамен болған жекпе-жекте еш мүмкіндік қалдырмай, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Ерлер арасында Сұлтанбек Айбарұлы (85 келіге дейін) жергілікті боксшы, бразилиялық Кауе Белиниді 4:1 есебімен қапы қалдырып, Әлем кубогының иегері атанды.
Ал Аида Әбікеева (65 келіге дейін) финалда өзбекстандық Навбахор Хамидоваға есе жіберіп (0:5), жарыстың күміс жүлдесін місе тұтты.
Сондай-ақ, бұған дейін Виктория Графеева (60 келіге дейін) алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша, ұлттық құрама қоржынында барлығы 7 медаль бар:
| Медаль түрі | Саны | Жүлдегерлер |
| Алтын | 3 | Виктория Графеева, Валерия Аксенова, Сұлтанбек Айбарұлы |
| Күміс | 1 | Аида Әбікеева |
| Қола | 3 | Алуа Балқыбекова, Жібек Жарасқызы, Диас Молжігітов |
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Бразилия (4 алтын, 5 күміс), екінші орын Қытай (4 алтын, 1 қола) үшінші орынды Қазақстан (3 алтын, 1 күміс, 3 қола) түйіндеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшылар Азия чемпионатынды бірінші орын алған еді.