Балаға буллинг жасалғаны туралы хабар 1 сағатта уәкілетті органдарға жіберілуге тиіс

Елде зорлық-зомбылық, қатігездік пен буллингке ұшыраған балаларға көмек көрсетуге қатысты жаңа ереже бекітілді. Енді балаларға қатысты зорлық немесе буллинг туралы ақпарат уәкілетті органдарға 1 сағат ішінде жіберілуге тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Жаңа тәртіп «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заң аясындағы бірлескен бұйрықта бекітілді. Бұйрық бойынша әр мекеменің нақты міндеті болады және олар бірлесіп жұмыс істеуге міндеттеледі. Әрбір жағдайға кейс-менеджер – арнайы маман бекітіледі. Ол баланың құқығы толық қалпына келгенше, барлық жұмысты үйлестіріп, баланы қолдайды.
Көмек көрсету жолдары қандай?
- Баланың құқығы бұзылғаны туралы ақпарат органдарға дереу берілуге тиіс;
- Мәлімет түскен соң 1 сағаттың ішінде ол бала құқығын қорғау бөліміне жеткізілуге тиіс;
- Бір жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, баланың жағдайы тексеріледі;
- Барлық материалдарды комиссияға өткізу үшін небәрі 3 күн беріледі.
Қандай жағдайда тексеру басталады?
Тексеру бастау үшін ресми арыз күтіп отырудың қажеті жоқ.
«Баланың өзі хабарласса, «111» байланыс орталығына мәлімет түссе, тіпті әлеуметтік желідегі жазба немесе видеоның өзі іске кірісуге толық негіз болады», – деп жазды Оқу-ағарту министрлігі.
Балаларға дәрігер, психолог, мұғалім мен заңгерлер кешенді көмек көрсетеді. Сонымен қатар, тек зардап шеккен бала ғана емес, сол оқиғаны көзімен көрген куәгер балалар да мемлекеттің қорғауына алынады.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектеп пен колледждерде буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарлама іске қосылған еді.