Бизнес тығырыққа тірелді: арнайы режимдегі кәсіпкерлер айналымының 40%-нан айырылған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың алғашқы тоқсаны отандық шағын және орта бизнес үшін ауыр сынақпен басталды. Салық заңнамасындағы соңғы өзгерістерден кейін, әсіресе, арнайы салық режимімен (АСР) жұмыс істейтін кәсіпкерлердің табысы күрт төмендеп, айналымы 30–40 пайызға азайып кеткен.

Бұл туралы «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қарағандыда өткен бизнес өкілдерімен кездесуден кейін мәлімдеді.

Халық қалаулысының айтуынша, қазіргі таңда В2В сегментіндегі жағдай өте күрделі. Бұған басты себеп – жаңа Салық кодексіндегі шектеулер.

Жаңа ереже бойынша, ірі және орта компанияларға ҚҚС (қосылған құн салығы) төлемейтін, жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін кәсіпкерлерден сатып алған тауарлары мен қызметтерін шығыс ретінде есепке алуға тыйым салынған.

Шағын кәсіп жабылып жатыр

Депутат атап өткендей, ірі кәсіпорындар енді салықтан жалтару емес, заңды шығындарын азайту үшін шағын бизнеспен серіктес болудан бас тартып жатыр. Бұл өз кезегінде көптеген жеке кәсіпкерлерді нарықтан ығыстырып, олардың қызметін тоқтату мәселесін күн тәртібіне шығарды.

«Үкімет жариялаған салық түсімдерінің өсімі көптеген жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының жабылуы мен әлеуметтік шығындардың (жұмыссыздықтың) артуы есебінен келіп жатқанын ескеру керек», – деп жазды Азат Перуашев өзінің Telegram-арнасында.

Болжам көңіл көншітпейді

Кәсіпкерлердің пайымдауынша, жылдың екінші жартысында жағдай бұдан да қиындай түспек. Есепті кезең жақындаған сайын табысы ортайған бизнес нысандары бюджетке төлем жасау былай тұрсын, өз шығынын, соның ішінде жұмысшылардың жалақысын өтей алмай қалуы мүмкін.

Қарағандыда өткен жиынға Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, мәслихат депутаттары және бірнеше өңірден келген 200-ден астам кәсіпкер қатысты. Жиын соңында бизнес қоғамдастығы Үкіметтен Салық кодексіндегі қайшылықтарды қайта қарап, шағын бизнеске тыныс болатын тетіктерді енгізуді сұрады.

Егер тиісті шаралар қабылданбаса, жыл соңына қарай экономиканың драйвері саналатын шағын кәсіпкерлік саласы үлкен тоқырауға ұшырауы мүмкін.

Бұған дейін де Перуашев бұл шешім салық жүйесінің логикасына қайшы екенін айтып, одан бас тартуға шақырған. Сол кезде «үкімет жоқ нәрсемен күресеміз деп, кәсіпкердің құқығын шектеп отыр» деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз