Павлодарда қатты жел ғимараттарды қиратып кетті: зардап шеккендер бар

Павлодар облысында қатты жел тұрып, үйлердің шатырларын ұшырып кетті. 29 ғимараттың шатыры ұшып, бірнеше адам зардап шеккен.
Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, кеше өңірде желдің екпіні 23–28 м/с дейін жеткен.
Мәселен, Екібастұз қаласында және тағы да бес ауданда 29 ғимараттың шатырларын жел ұшырып кеткен. Айтап айтқанда, үйлер, мектептер, ауруханалар мен дүкендер бүлінген.
Зардап шеккендер де бар. Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, Ақтоғайда 1985 жылы туған әйелдің үстіне шифер құлап, жарақаттаған.
Павлодар қаласында 34 жастағы әйелдің үстіне ағаш бұтағы құлап түскен. Соның кесірінен миы шайқалып, түрлі жарақат алған. Төтенше қызмет апат салдарын жою жұмыстарын жасап жатыр.
Сонымен қатар, 14 елдімекенде 1000-нан астам үй жарықсыз қалды.
Мұның алдында ақпан айында Қонаев қаласында боран болып, тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкеткен еді.